Президент сайлауы: Жұматай Әлиев мемлекеттік тіл сынағын сәтті тапсырды

Президенті сайлауына үміткер Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша емтихан қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Лингвистикалық комиссия президенттікке кандидат Жұматай Әлиұлы Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтады.

Лингвистикалық емтихан үш кезеңде өткізілді. Жазба жұмысы, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу. Емтихан аяқталған соң, комиссия кандидаттың жауабын талқылап, қорытындысын шығарды, - делінген хабарламада.

Мемлекеттік тіл бойынша емтихан қорытындысын лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов баяндады.

Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбында жазба жұмысын орындады. Жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Адал еңбек – игілік көзі» тақырыбына көпшілік алдында сөйледі, - дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссияның екі мүшесі қалыс қала отырып, кандидат Жұматай Әлиұлы Әлиевтің мемлекеттік тілді меңгергендігі туралы көпшілік дауыспен шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы