Президент сайлауы. Кандидаттар бүгін қандай шаралар өткізді?

ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкентке сапар барысында штабқа соғып, партия активімен кездесті, сонымен бірге азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында Нұрлан Әуесбаев ЖСДП белсенділерін өзінің  бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды. Құжатта баса назар саяси реформаларға аударылғанын атап өтті. Үміткердің пікірінше, «Алдымен экономика, кейін саясат» стратегиясы тиімсіз болып шықты. Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет. 

Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе – экономикаға тұсау болып отырған жемқорлық екенін айтып өтті.

Жигули Дайрабаев: Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей және нақты төнген қауіп

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Павлодар облысы Екібастұз қаласының базарында болып аймақтық азық-түлік нарықтарындағы жағдаймен танысты. Сатушылармен, сатып алушылармен, өнім жеткізушілермен кездесті. 

Базардағы сатып алушылармен, сатушылармен әңгімелескен кезде өзімнің  бағдарламамның және мен президенттікке ұсынған «Ауыл» партиясы ұстанымының дұрыстығына тағы да көз жеткіздім .Азық-түлік қауіпсіздігі элементтерінің бірі – азаматтардың қол жетімді, қолайлы бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндігі. Бұл біздің елде жоқ. Мұның бәрі реттелуі үшін ең бастысы, күшті қолдау қажет. Егер кооперативтер туралы айтатын болсақ, қағаз жүзінде құрылған 2700 кооператив бар. Бізге түрлі бағыттағы нақты кооперативтер қажет, – деді Жигули Дайрабаев. 

Тұрсынбекова белсенді өмір сүру орталығының зейнеткерлерімен кездесті

ҚР Президенттігіне кандидат Салатанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды үгіт-насихат сапарында Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы» зейнеткерлермен кездесіп, бірге уақыт өткізді. 

Бұл белгілі бір проблемалары мен қажеттіліктері бар адамдар. Белсенді және ақыл-ойы толысқан жандар. Менің мақсатым – америкалықтар немесе қытайлықтар сияқты Қазақстандағы осы жастағы азаматтардың Еуропадағы мұражайларды көру үшін демалысқа шығуына немесе Африкаға сафариге баруына мүмкіндік жасау. Барлық азаматтар үшін лайықты және қауіпсіз қарттық – менің арманым», – дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Қарақат Әбден: Көп балалы ана болу – нағыз ерлік

 ҚР президенті болуға үміткер Қарақат Әбден Ақтөбе қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиында үміткер жергілікті тұрғындармен, Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті.  

 Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қоғамға, жастарға  үлгі болу керек. Көп балалы ана болу – нағыз ерлік. Бүгінгі кездесуде келген ақтөбелік әйелдер қауымы осының жарқын үлгісі бола алады. Олардың белсенділік танытып жүргені қуантады. Ел игілігі үшін әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дұрыс бағытта дамыту, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасындағы  бала тәрбиесі әйелдердің басты назарында екені белгілі болды. Өзім көп балалы ана ретінде әйел-ана, қазақ қызы ұлт айнасына айналу керек деп санаймын, - деп атап өтті Қарақат Әбден. Жиналған әйелдер қауымы бала тәрбиесіндегі тіл мәселесінің өзектілігін де тілге тиек етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы