Президент сайлауы. Хайрулла Ғабжалиловтің кандидаттығы сай емес - ОСК
Бұл туралы Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың сәйкестігін белгілеу туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Себебі кандидат Қазақстанның кезектен тыс Президент сайлауына кандидатқа заң бойынша қойылатын талаптарға сәйкес емес.
Ішкі істер министрлігінен ұсынылған мәліметтерге сай, тумысынан ҚР азаматы болып есептелмейді. Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен ұсынылған мәліметтерге сай, мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жоқ, - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Хайрулла Мағауияұлы туралы.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабының 7-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Хайрулла Мағауияұлы Габжалилов оған қойылатын талаптарға сәйкес емес деп белгіленіп, оны Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартуға қаулы етті.
Айта кету керек, Хайролла Ғабжалиловты президенттікке үміткер ретінде 7 қазанда оралмандардың «Асар» бірлестігі ұсынғанын еске саламыз.