Президент сайлауы. Бүгін үміткерлер қатысқан іс-шаралар
ҚР Президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің сайлауалды штабында ел өңірлеріндегі үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Штабта мәлімдегендей, үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Бүгінгі жиында сайлауалды жұмыстарының нәтижелері бойынша есеп берілді. Қарақат Әбден еліміздің 8 облысында 30-дан астам кездесу өткізді. Сайлаушылар тарапынан көптеген сауалдар мен ұсыныстар келіп түсуде. Өңірлік штабтар олардың барлығын бақылауға алған. Жалпы, сайлау – бұл демократиялық қоғамның көрінісі және сайлауалды штабтарына үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан сайлау мен үгіт-насихат жүргізу бойынша біз озық халықаралық тәжірибені саралай келе, жұмыстың ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Біз үшін кандидаттың мықты саяси тұстарын көрсете білу маңызды. Бұл өз алдына үйлесімді ұжымдық жұмысты талап етеді. Сондықтан сайлауалды штабтарымызда өз ісін жақсы білетін мамандар, патриотттар мен мүддесі ортақ тұлғалар еңбек етуде. Бізді біріктіретін ортақ мақсат – ел игілігі үшін жұмыс істеу», - деп жеткізді кандидаттың баспасөз хатшысы Еламан Төлепберген.
20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Алдағы уақытта Қ.Әбден Түркістан және Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.
2022 жылдың 10 қарашасында ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Казахская және Дүкенұлы көшелері қиылысында орналасқан елордалық жатақханада тұрғындармен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады, сонымен бірге қоғамды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді.
Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сауал да қойылды. Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, үкімет басқа мемлекеттер біздің есебімізден байып, адал емес бәсекелестікте зиян келтіруге тырысқан жағдайда қатаң ойын ережелерін орнатуға тиіс. Кандидат стратегиялық салаларда Қазақстан қалыпты протекционизмді ұстану қажет деп есептейді.