Президент сайлауы – 2019: Тоқаевтың штабын Әшімбаев басқарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясы ресми тіркеген президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы құрылып, оны Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев басқарады. 

«Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеу туралы шешім қабылданды. Тоқаевтың сенімді өкілімін, сондықтан осы отырысқа оның тапсырмасымен қатысып отырмын. Маған арнайы куәлікті табыстады. Оны өздеріңіз көрдіңіздер. ҚР президенті осы күндері іссапарда жүргендіктен өзі келе алмады. Бүгінгі отырысқа қатысуды маған тапсырған соң отырысқа қатыстым. Тиісті құжаттардың барлығы жиналып, ОСК-ға тапсырылды. Заңда көрсетілген шаралар атқарылып, 315 мың қол жиналғаны айтылды. Бұл керекті көлемнен әлдеқайда көп екенін білесіздер. Барлық шаралар жүзеге асырылып, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін ҚР президенттігіне кандидат ретінде ресми тіркелді. Бүгінгі шешімнен кейін Тоқаевтың қоғамдық республикалық штабы құрылады. Кандидатымыз осы штабты басқаруды маған тапсырды. Қажет жұмыстарды бастаймыз», - деп айтты Мәулен Әшімбаев. 

Кандидаттың сенімді өкілі 4 мамыр күні сағат 11:00-де Nur Otan партиясының орталық аппаратында өтетін БАҚ өкілдеріне арналған арнайы брифинг барысында штабқа кім кіретінін және қай бағытта жұмыс істейтіні айтылатынын жеткізді. 

Журналистердің бірі Әшімбаевтан заңда көрсетілген 118 мың қолдан артық жиналғаны туралы сұрақ қойды.  

«Заңның талабы бойынша кандидат ресми түрде тіркелуі үшін 118 мың адам қолдарын қоюы керек. Біз 315 мың қол жинадық, бұл көп екенін көріп отырсыздар. Қол Қазақстанның барлық өңірінен жиналды. Бұл жұмысқа кандидаттың бірнеше мың сенімді өкілі тіркеліп, осы жұмыстың бас-аяғында жүрді. Бұл дауыс бір-екі қала не облыстан емес, бүкіл республикадан жиналды деп айтуға толық негіз бар. «Неге бұдан да көп емес?» деген сұраққа келер болсақ, кандидатымыз ондай мақсат қоймады. Ондай мақсаттың керегі де жоқ шығар. Негізгі мәселе заңда көрсетілген талаптан бірнеше есе қол жинаса, тіркеуге әбден жеткілікті. Екінші жағынан, осыншама қазақстандықтардың қол қойғаны кандидаттың сайлауға қатысуын халық қолдап отыр дегенге саяды. Сондықтан осындай шешім қабылданды», - деп жауап берді ол.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 300 мың қол жинап, президенттікке кандидат ретінде тіркелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы