Президент сайлауы – 2019. Сайлау – даму бағытымызды айқындайтын нақты қадам

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолалық мәдениет саласының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері алда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада спикерлер әлемнің әр еліндегі саяси биліктің ауысу процестеріне талдау жүргізіп, сайлаудағы әр азаматтың конституциялық құқын түсіндірді. Ұлт көшбасшысының еңбегіне жан-жақты тоқталды.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назараев тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу жолында өлшеусіз еңбек сіңірді. Халықтың әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке шығарды. Ұлт Көшбасшысы өзіне жүктелген тарихи миссияны қалтқысыз атқарып келеді. Қазақстан егемендігін алып, туын тігіп, іргесін бекітіп қана қойған жоқ, әлем жұртшылығы таныған тұлғалы мемлекетке айналды, үлкен, мызғымас беделге ие болды. Соның бәрі – ел тізгінін берік ұстаған бірегей тұлға Елбасының арқасы. Кезектен тыс президенттік сайлау – елімізде тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға және оның әрі қарай тиімді дамытуға мүмкіндік беретін игі қадам. Алдағы сайлауда біздің қоғам Ұлт көшбасшысының стратегиялық бағдарламаларын жалғастыратын, Президент болуға лайықты үміткерге дауыс береді деп есенемін», - дейді Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Роза Сабырқызы.

Қатысушылар ел болашағы қазақстандықтардың өз қолында деген ортақ пікірді қуаттады. Спикерлер барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының президенттік сайлауына бір адамдай қатысуға шақырды.

«Қазіргі жағдайда елімізде кезектен тыс сайлау өткізудің мәні зор. Бұл саяси бастама еліміздегі тұрақтылықты сатап қалу үшін және мемлекетіміздің бағыт-бағдарын, даму жолын одан әрі жалғастыру үшін жасалған нақты қадам. Өйткені, Президент ел дамуының ішкі-сыртқы даму бағдарын айқындап, мемлекетімізді халықаралық аренаға танытып, ҚР егенмендігі мен тәуелсіздігін қорғау туралы шешім қабылдайды. Бұл жолғы сайлау еліміздегі ортақ мақсаттың, татулықтың, ауызбірліктің, Елбасы бастамаларына, болашаққа деген толық сенімнің көрінісі болады деп сенеміз. Сондықтан да ел тағдырын шешетін маңызды саяси науқанға бей-жай қарауға болмайды», - дейді Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Талғат Ыбыраев

Қатысушылар жаңа Президент сайлау аса маңызды қадам екенін, сондықтан да қазақстандықтарел болашағы үшін дұрыс таңдау жасауы қажеттігін алға тартты.

«Елімізде биліктің ауысуына байланысты саяси өзгерістер кездейсоқ немесе мәжбүрлі түрдегі жағдай емес. Бұл ел басшылығының ауызбірлігінің және осы уақытқа дейінгі мемлекетті басқару жүйесіндегі мол тәжірибенің арқасында болып отырған оң өзгерістер деп бағалаймыз. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық ел ретінде танытты. Кезектен тыс сайлау өткізу елдің дамуына, жаңа өзгерістерге бейімделуге жол ашады. Тұңғыш Президент ұсынған стратегиялық бағдарламаларды тиімді іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Сайланған Президент мемлекет басшысының функцияларын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепіл болуға халықтың сенім мандатын алады. Біз халықаралық қоғамдастықтың біздегі жағдайды бақылап отыратынын ұмытпауымыз керек. Билік ауысуының транзиттік кезеңі тұрақтылық пен қоғамық келісім кезеңіне жалғасады деп үміттенеміз», - дейді Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова.

Шара барысында қатысушылар еліміздің Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметіне арналған «Еліміздің Елбасы» атты көрмені тамашалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы