Президент сайлауы – 2019: ОСК-ға 45 халықаралық байқаушы аккредиттелді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауында бақылау жасайтын халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жөнінде қаулы қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады.
«2019 жылғы 29 сәуірде, 2 және 3 мамырда Сыртқы істер министрлігінен 45 байқаушыларды аккредитеуге ұсыныстар келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр. Олардың ішінде 7 байқаушы – ТМД байқаушылар миссиясы құрамында; 22 байқаушы – ТМД қатысушы мемлекеттердің парламентаралық Ассамблеясынан; 12 байқаушы ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан; 4 байқаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккредиттеледі. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігіне сайлауды жария ету үшін шетелдік тілшілерден 53 өтінім келіп түсті. Жалпы алғанда, Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 28 шетелдік БАҚ-тың 94 журналисі аккредиттелді», - деп айтты ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина мәлімдеді.
Оның айтуынша, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының ақпаратына сәйкес сайлауға 700-ден астам қысқамерзімді байқаушыны жіберу жорамалданып отыр. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отыратын болады.
Миссиялардың басшылары болып ТМД-дан Байқаушылар миссиясы – ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы Сергей Лебедев; ТМД қатысушы мемлекеттердің парламентаралық Ассамблеясынан байқаушылар тобы – Бас хатшы, ТМД ПАА кеңесі хатшылығының басшысы Дмитрий Кобицкий; ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссиясы – Уршула Гацек (Польшаның Еуропа Кеңесіндегі бұрынғы Елшісі, Польшаның Нью-Йорктегі Бас консулы, Сейм депутаты); Шанхай ынтықмақтастық ұйымынан Байқаушылар миссиясы – Шанхай ынтықмақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов; Ислам ынтымақтастығы ұйымынан Байқаушылар миссиясы – Елші, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры – Махмуд Аль Раиси (Оман) тағайындалды.