Президент сайлауы – 2019. Екі айдың ішінде жаңа есім шығып, елді мойындата қоюы екіталай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлауға қатысты үндеуіне орай өз ойын айтты.

«Біріншіден, бұл үндеу – Қазақстанда демократияның қалыптасқандығының көрінісі және дәлелі. Билік Елбасы – Тұңғыш Президенттің зор тәжірибесімен, үлкен ақылының арқасында ың-жыңсыз заң мен Конституция аясында өзі тәрбиелеген үлкен саясаткер шәкіртіне беріліп отыр. Егер Елбасы өзі тәрбиелеген саяси шәкіртіне сенімді болатын болса, ұсынған болатын болса, халық ол кісіні көптен бері жылы қабылдап жүрсе – ол кісі сайлауды тез арада өткізуге, шешім қабылдауға толықтай құқы бар. Мінекей, сол өзінің, Президентке берілген құқығын пайдалана отырып, шешім қабылдап отыр», - дейді Ерлан Сыдықов.

Ол Елбасының да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да атап өткеніндей, шынында да, өте күрделі заманда өмір сүріп жатқанымызды айтты.

«Әдемі қалыптасқан тәуелсіз елімізге қызығып та, көре алмай да қарайтын ел көп. Күштер көп. Осылардың барлығы тұрақсыздау, негізгі Президент сайланбайтын уақыттарды өз пайдасына жаратып кетуі мүмкін. Сондықтан, қазіргі жағдайда өз мемлекетіміз өзіміздің қолымызда тұрған шақта уақытты өткізбей неге нақтылап нақтылап Президентімізді сайлап алмасқа? Енді демократияның екінші көрінісі – таяу арада билікке, Президенттік қызметке таласатын кандидаттар пайда болады. Өткен сайлауда өтінімді 27 адам беріпті. Биыл енді көп болады деп ойлаймын. Өйткені, қоғам пісті, саяси мәдениет көтерілді. Бізде бірнеше партия бар. Міндетті түрде ол партиялар өздерінің кандидаттарын ұсынары сөзсіз. Таяу арада сол партиялардың съезін күтейік. Шешімдерін көрейік. Әркімнің өзінің саясаты, сайлауалды жоспары болады. Халық кімге дауыс береді – сол Президент болады», - дейді ол.

Бір кезде реформа үшін қол жинаған ректор, екі айдың ішінде жаңа үміткер шығып, ол халықты соңынан ертіп кете қоюы екіталай дейді.

"Қазіргі уақытта Қазақстандағы "жаңа есімдер" белгілі. Негізінен қалыптасып қалды ғой. Шықса, солардың ортасынан шығады. Дегенмен, аз уақыттың ішінде жаңа есім шыға келіп, 1-2 айда өзін көрсетіп, өзінің алға қойған мақсаттары мен бағдарламасын халыққа таратып, онымен елді иландырып, өзіне дауыс жинай алады деп ойламаймын. Сондықтан да бұған дейін қалыптасып қалған күштер жеңіске жетеді" - дейді ректор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы