Президент сайлауы – 2019. ЕҚЫҰ өкілдері келді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы қажеттіліктерді бағалау жөніндегі өкілдерімен кездесті.
Айта кетейік, Қажеттіліктерді бағалау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы, әдетте, елге сайлау алдындағы жағдайды және сайлауға дайындықты бағалау мақсатында сайлаумен байланысты іс-шараларды өткізудің орындылығы туралы ұсынымдарды әзірлеу үшін сайлау басталғанға дейін бірнеше ай бұрын жіберіледі.
"Қазақстанда қажеттілікті бағалау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы 2004 жылғы 21-24 маусымда Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы қарсаңында, 2005 жылғы 13-17 қыркүйекте Президенттің кезекті сайлауы қарсаңында, 2015 жылғы 3-6 наурызда Президенттің кезектен тыс сайлауы қарсаңында болды. Бұл миссияның кезектен тыс сайлауға екінші рет келуі", - делінген хабарламада.
ҚР ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, сындарлы диалог барысында ҚР ОСК мүшелері ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлау жөніндегі кеңесшілері Радивое Груичпен, Мисев Владимирмен және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілі Тодорич Дмитримен бірлесіп, 2019 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге арналған мәселелерді талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, СІМ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ПА, ЕҚЫҰ ПА, ЕКПА, ТМД ПА, ҰҚШҰ ПА, ТМД ПАА, ШЫҰ, ТМЫК, ИЫҰ) байқаушыларды алдағы президенттік сайлауға шақыруларды жіберген. Орталық сайлау комиссиясы екіжақты ынтымақтастық аясында 25 шет мемлекеттің сайлау органдары басшыларын шақырды.