Президент сайлауы – 2019. Азаматтық қоғам белсенділері пікір алмасты

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Президент сайлауы – 2019: рөлі мен маңызы». Азаматтық қоғам институттары белсенділері осы тақырыпта А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде өткен дөңгелек үстелде пікір алмасты.

Оқу орнының ректоры, Қостанай облысы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Алма Досжанова саяси науқан қарсаңында ұйымдастырылған эксперттік диалог алаңын ғылыми-танымдық, мәдени іс-шара деп атап өтті.

«Біз тұрақтылықты қадірлеп, болашаққа нақты жоспарлармен қадам басқан елміз. Аз ғана жылдар ішінде экономикалық, саяси, әлеуметтік оң өзгерістердің куәсі болдық. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңашыл стратегиялық ұстанымының жемісі. Қазіргідей тарихи маңызды кезеңде осы бағыттың сабақтастығын сақтау – азаматтық борышымыз», - деді Алма Досжанова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, «Дуслық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ринат Бектемиров қоғамда ұлттар татулығы мен діни конфессиялар түсіністігі үлкен рөл атқарып отырғанын айтты.

«Осы жылдың маусым айына жоспарланған сайлау Қазақстанның одан әрі гүлденуіне серпін береді деп сенемін. Біз, Қоғамдық келісім мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері сайлаудың ойдағыдай өтуіне атсалысамыз», - деді Ринат Бектемиров.


«Грин» Азаматтық Альясы» қоғамдық қорының төрайымы, Nur Otan партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Динара Өтебаева үкіметтік емес ұйым өкілдері атынан сөз сөйледі.

«Азаматтық қоғам институттары елімізбен бірге дамып келеді. Олар барлық саладағы іс-шараларға қатысады. 2003 жылдан бері азаматтық форум ұйымдастырылып жүр. Оған барша қоғамдық бірлестіктер жиналып, мәселелері талқыланады. Осылайша, жұмыстарымыз жетілдірілуде. Бүгінде Қостанай облысында 600-ден астам үкіметтік емес ұйым мемлекет тарапынан қолдау көріп отыр. 2018 жылы өңірде әлеуметтік тапсырыс көлемі 322 млн теңге болса, биыл 473 млн теңгеге жетті. Қоғамдық ұйымдар халық пен билік арасындағы бір көпірге айналып келеді. Осы жолғы науқанда да біз өзіміздің белсенді екенімізді дәлелдейміз деген ойдамын», - деді Динара Өтебаева.


«Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Кокжанованың пікірінше, мемлекеттің абыройлы болмағы жастарының көңіл-күйіне де байланысты.

«Жастар болашағымыз дейміз, олар еліміздің бүгіні де. Менің бір түсінгенім, бизнеспен айналысам десеңіз де қоғамдағы істерден шет қалмау керек. Білімді болсаңыз ғана алдыңыздан даңғыл жол ашылады. Қазір жас кәсіпкерлерге арналған түрлі мүмкіндіктер бар. Біз, қай жағынан белсенді көрінгеніміз абзал», - деді Зарина Кокжанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы