Президент сайлауы – 2019. Атырауда арнайы қоғамдық штаб құрылды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. 9 маусымда өтетін ҚР Президенті сайлауына орай, Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалы жанынан қоғамдық штаб құрылды. Бұл туралы партияның филиалында өткен жиында айтылды.

Штаб жұмысының басты мақсаты – орталық сайлау комиссиясынан өтіп, партия атынан президенттікке кандидат атанған Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау.

Облыста құрылып отырған қоғамдық штабқа партияның Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев төрағалық етеді. Одан бөлек штаб аппаратының құрылымында 70-тен астам мүше жұмыс жасайды. Олардың қатарында партия ардагерлері, ғылым, мәдениет, білім және денсаулық сақтау саласы мен этно-мәдени бірлестік өкілдері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, кәсіпкерлер, спортшылар мен жастар бірлестіктерінің белсенділері бар.

«Біздің халқымыз үлкен тарихи өзгерістің алдында тұр. Nur Otan партиясы өз кандидатын ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау комиссиясының барлық талаптарынан сүрінбей өтті. Бұл бізді қуантты. Бүгін біз облыстық партияның өкілдері штаб құрып жатырмыз. Штабта білімді де білікті мамандар кәсіби деңгейде жұмыс жасайтын болады», - деді Атырау облысының Құрметті азаматы Жайлы Өмірбекова.

Сонымен қатар, штабта кандидаттың қоғамдық қабылдауы, баспасөз және заң қызметі, қоғамдық-саяси жұмыстар, ұйымдастыру, қаржы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері жұмыс істейтін болады.

«Жалпы Атырау облысында Nur Otan партиясының мүшелігінде 32 мыңға жуық адам бар. Қазір тек бұл бір штаб қана емес, бұдан басқа қалалық штаб болады, сосын аудандарда 7 штаб бар. Соның бәрінде 200-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады», - деп атап өтті қоғамдық штаб мүшесі Қайрат Ищанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы