Президент сауда мен логистикаға ЖИ-ды белсенді енгізуге шақырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумның V пленарлық отырысында ЕАЭО кеңістігінде сауда мен логистика саласына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен цифрлық трансформация бағытында ашық әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, Қазақстан жеделдетілген цифрлық трансформацияны сапалы жүзеге асыру үшін Еуразиялық одақ елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ашық. Ең алдымен сауда мен логистика саласына жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын күшейту аса маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеден рәсімдерін жеделдету үшін ұлттық цифрлық жүйелер арасындағы өзара байланысты күшейту қажет екенін атап өтті.
Президент бұл шешімдер құжаттарды нақты уақыт режимінде өңдеуге, логистикалық тізбектегі әлсіз тұстарды анықтауға және жүк ағындарын алдын ала болжауға мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы цифрлық қолтаңбаларды өзара мойындау бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО аумағындағы сауда көлемін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Бизнестің шығындарын түбегейлі азайтып, өзара сауда көлемін ұлғайтуға цифрлық қолтаңбаларды өзара тану тетігі мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллектінің аналитикалық әлеуетін пайдалану өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту үшін де маңызды, - деді Тоқаев.
Президент азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізу бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс.
Жаңа технологияларды жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналады, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар елдер арасындағы алшақтықты күшейтпеуі керек екенін айтты.
Жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы цифрлық теңсіздіктің себебіне айналмауы тиіс. Керісінше, олар мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын және ынтымақтастықтың синергиясын арттыратын құрал болуы қажет, - деп атап өтті Президент форумда.