Президент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
Президент өз құттықтауында Райымбек ауданы ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп шығарғанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Райымбек ауданының 90 жылдығына орай өңір тұрғындарын құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын «Хан-Тәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалінің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
Президент өз құттықтауында Райымбек ауданы ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп шығарғанын атап өтті. Сондай-ақ бүгінде аудан тұрғындары ауыл шаруашылығы, туризм және экономиканың өзге де салаларын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты.
Райымбек ауданы – тарихы терең, бірлік дәстүрі берік, қасиетті өлке. Бұл жерден ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен талай көрнекті тұлға шыққан. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев сынды қаламгерлердің шығармалары халқымыздың рухани мұрасына айналып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, білімге құштарлыққа және еңбекқорлыққа тәрбиелеп келеді. Бүгінде аудан тұрғындары ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда адал еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне лайықты үлес қосуда. Олар ел болашағы үшін маңызды бастамаларды әрдайым қолдап, бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұған олардың жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдауы айқын дәлел, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сонымен қатар Президент ауданның дамуына үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс айтып, Райымбек ауданының тұрғындарына амандық, бақ-береке, толайым табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне жаңа жетістіктер тіледі.
Айта кетейік, Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар үш күнге созылды. Мереке аясында ғылыми-танымдық конференциялар, республикалық айтыс, ауқымды спорттық жарыстар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Мерейтойдың шарықтау шегі Шалкөде жайлауында өткен «Хан-Тәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі болды.