Президент Құрық портында бірлескен жүк терминалын құруды ұсынды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан "Орталық Азия-Қытай" екінші саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент саммит барысында елде Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын құруды ұсынды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз етуге тоқталды. Бұл барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті деп отыр.
Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент жүк терминалын бірігіп салуды ұсынды.
Қазақстан "Бір белдеу, бір жол" мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы "Батыс Қытай – Батыс Еуропа", Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және "Солтүстік – Оңтүстік" секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі "Құрық" портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз, - деді Мемлекет басшысы.