28 Тамыз 2026, 11:51 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Президент Құрылтайдың алдында тұрған маңызды міндеттерді атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында жаңа заң шығарушы органның өкілеттігі мен алдағы негізгі міндеттеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады.

Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.  

Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы, - деді Президент.

Сонымен қатар Президен сөзінше, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді.

Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.   Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады, - деді ол.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек, - деді ол.

Ал Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керектігін атады. Оның сөзінше Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет.

Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады, - деді Президент.

Мемлекет басшысы озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайтынын атап өтті. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады.

Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек. Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет. Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс, - деді ол.

Тағы бір маңызды міндет деп – қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиістігін атады.

Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек.   Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным, - деді Президент.