25 Қыркүйек 2026, 13:38 Фото: Ақорда

Президент Қазақстан мен Қытайдың 62 миллиард доллар болатын жобалары туралы айтты

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтық пен ортақ мүддеге арқа сүйеген озық әрі тиімді ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр.

Осыған орай Президент екі елдің табысты серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарды атады. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, көлік-логистика саласына тоқталды.

– Халықаралық серіктестермен бірге теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумға транзит айлақтарының өткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстарына белсенді атсалысып жатқан компаниялар қатысып отырғанын айтты.

Президент болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаятынын мәлімдеді. Бұл жаһандық логистика тізбегіндегі маңызды көлік хабтарының бірі ретінде Қазақстанның позициясын күшейтеді.

– Бірқатар бірлескен бастамалар қазірдің өзінде нақтылана түсті. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба. Мультимодальді жүк тасымалын дамытуға ерекше мән береміз. Alatau Air Cargo ұлттық авиа жүк жеткізуші компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына Cathay Pacific Cargo секілді әлемнің жүк таситын ірі әуе компаниялары шығып жатыр. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы жолаушылар бағдары Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстырды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды. 

Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды.

Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру бағытында алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ауқымды жұмыс серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз. Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір секілді аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдардың мол қоры бар.

Президент цифрландыру мәселесіне айрықша мән берді. Ол еліміздің әлемдегі барлық жетекші технологиялық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға ашық екенін мәлімдеді.

– Биыл еліміз Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшылары қатарына кірді. Осылайша, Қазақстан технологиялық ықпалдастыққа арналған жаңа халықаралық платформаның қатысушысы болды. Бұл бастаманы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын. Біз технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделіміз. Бұл ретте жаңа формация мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлеміз. Елордада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуға ниеттіміз. Жемісті технологиялық серіктестігіміздің бір мысалы Alatau City жобасынан айқын көрінеді. Бұл ауқымды бастама Қытай, Орталық Азия және Еуропа кеңістігіндегі белсенді іскерлік қатынастар мүйісіне айналуды көздейді, – деді Мемлекет басшысы.