Президент: Қазақстан күш қолданғаннан гөрі диалогты құп көреді

Қазақстан Украинадағы қақтығыс пен Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа алаңдаушылық білдіріп, қантөгісті тоқтатуға арналған дипломатиялық күш-жігерді күшейтуге шақырды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президенттің айтуынша, қазіргі жаһандық ахуал халықаралық сенім мен тұрақтылықты едәуір әлсіретіп отыр. Әсіресе Украина төңірегіндегі қақтығыс бейбіт тұрғындарға ауыр салмақ салып, бүкіл әлемдегі қауіпсіздік архитектурасына қатер төндірді.

Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қақтығысты шешу жолында тараптар ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып, саяси икемділік пен ұстамдылық танытуы қажет екенін атап өтті. Ол жаугершілік пен өшпенділік психологиясы ешқашан тұрақты бейбітшілікке апармайтынын ескертті.

Сонымен қатар Президент Газа секторындағы қантөгісті де ерекше атап өтіп, ондағы гуманитарлық ахуалды "қорқынышты деңгейде" деп сипаттады.

Біз әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырамыз, - деді ол.

Қазақстан БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындай отырып, Таяу Шығыста бейбітшілікті орнықтыруға бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы және Ибраһим келісімі сынды құжаттарды қолдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың АҚШ Президентінің араағайындығымен жақсарғанын оң бағалады. Бұл – дипломатияның тиімді құралы екенін көрсететін мысалдардың бірі.

Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды, - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы