24 Қыркүйек 2026, 12:10 Фото: Ақорда

Президент: Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты

Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президенттің пікірінше, Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет.

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың этномәдени бірлестіктерге қалай әсер ететініне қатысты алаңдаушылық бар екенін атап өтті.

«Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін. Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстандағы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісінің маңызы зор екенін айтты.

«Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент этномәдени орталықтарға, театрларға және бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

«Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ортақ мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызына да тоқталды.

«Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады. Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев медиация институтына қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.

«Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік. Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бірнеше жыл бұрын болған су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің зардап шеккен аймақтарға көмек көрсеткенін еске салды.

«Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты. Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес. Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес екенін айтты.