Президент: Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді. Сонымен қатар Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.
Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.
Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.