Тұңғыш Президент күні қарсаңында полицейлер марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының Полиция департаментінде барлық қазақстандықтар үшін айтулы күн - Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты кеш өтті.
Іс-шараға ПД басшылығы мен қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынның алғы сөзін Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев бастап, жеке құрам мен ішкі істер органдары ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде елімізді жаңа деңгейге көтерген Тұңғыш Президенттің жоғары сіңірген еңбегін атап өтті.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамдағы әділеттілік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің территориялық тұтастығын, оның тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосты. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан әлемде мойындалған мемлекетке айналды, - деді А.Оразалиев.
Дәстүр бойынша, бұл күні полицияның үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табыс етілді. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін салтанатты марапаттау рәсімінде 20-дан астам қызметкер марапатталды. Олардың арасында мерзімінен бұрын полиция полковнигі атағын Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Үдергеновке, полиция майоры атағы Кинологиялық қызмет орталығының бас инспекторы полиция капитаны Леонид Аниськовке тағайындалса, үш полиция қызметкері "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, бірқатар полиция қызметкерлері төсбелгілермен, Ішкі істер министрлігі мен Полиция департаментінің грамоталарымен, алғыс хаттар мен қол сағаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.