Президент өзі бастаған саяси реформаларды жүзеге асыруға кірісті – Қарин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин telegram арнасында жазды.
Amanat партиясы «Адал» партиясының өзіне қосылғанын растаған съезі өтті. Бұл билеуші партияның электоралдық базасының кеңеюі және реформалар барысы төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыруға әкеледі. Жалпы бұл шара наурыз айында басталған Amanat партиясының трансформация логикасына сәйкес келеді. Ең шулы жаңалық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығын тоқтатып, Amanat партиясынан шығу туралы шешімі болғаны сөзсіз, - деді Мемлекеттік хатшы.
Қарин атағандай, Amanat бұрынғыдай президенттік реформалар курсын қолдаушыларды топтастырудың өзегі болып қала бермек.
Айта кетейік, сонау қаңтар айында партия төрағасы қызметіне кіріскен кезде Мемлекет басшысы бұл қызметке уақытша, жыл соңына дейін қабылданатынын мәлімдеген болатын. Саяси уәде орындалды. Оның үстіне Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында ел Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияның мүшесі болмауы керек деген норманы Конституцияға бекітуді ұсынды. Осылайша, Президент Конституцияға өзгерістер енгізуді күтпей-ақ өзі бастаған саяси реформаларды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті, - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Amanat партиясының кезектен тыс ХХІІI съезі өтті.