Президент осы жылы 152 921 шақырым жол жүрді - Берік Уәли
Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Іnform.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Мемлекет басшысының сапарларына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
-Мемлекет басшысы биыл көптеген елге сапармен барды. Сол сапарлардың мән-маңызына тоқтала кетсеңіз.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл Қытайға мемлекеттік, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға, Германияға, Қытайға ресми, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, Қырғызстанға, Түркияға, Сауд Арабиясына, Тәжікстанға, АҚШ-қа, Беларуське, Әзербайжанға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға мемлекеттік сапары барысында Төраға Си Цзиньпинмен кездесіп, маңызды келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашу және Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы 17-18 қазанда Си Цзиньпиннің шақыруымен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Аталған жиынға әлемнің 20-дан астам елінің президенттері, 130-дан астам мемлекеттің өкілдері келді. Осы форумда Қазақстан Президенті Төраға Си Цзиньпин мен Ресей Президенті Владимир Путиннен кейін үшінші болып сөз сөйледі.
Содан кейін Президент өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашты. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайға сапарының ең бір көңіл толқытар тұсы болды. Ал Мемлекет басшысының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесіне баруын тарихи сапар ретінде бағалауға болады.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ Әмірліктердің іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Вьетнамға ресми сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл 28-29 қыркүйек күндері Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар Президент Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл С5+ форматында да көптеген кездесу өтті. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Президенті Джо Байденмен жолыққаны баршаға белгілі. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 14 рет шетелге жұмыс сапарымен барды.
Биыл шет мемлекеттер басшыларының елімізге 19 рет түрлі деңгейдегі сапармен келді. Екіжақты кездесулер барысында саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы осы жылы шетел сапарына 33, ал еліміздің өңірлерін аралауға 17 күнін арнады. Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелге және еліміздің өңірлеріне сапарлары кезінде 152 921 шақырым жол жүріп, 243 сағат 46 минутын ұшақта және тікұшақта өткізді. Бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең.