Президент: «ОСИ» реформасымен қатты қателестік

Президент «ОСИ» реформасын қолға алғанда, қатты қателескенімізді айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.

Тағы бір проблема – қалаларды абаттандыру мәселесі. Бұл мәселемен барлық деңгейдегі әкімдер айналысуы қажет. Әлеуметтік-экономикалық факторлармен қатар, өңірлерді дамыту деңгейі ғимараттардың сыртқы келбеті, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігі, аумақтың көгалдандырылуы, қоғамдық кеңістіктің жағдайы, балалардың спорттық алаңының болуымен анықталатыны белгілі, - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, тұрғынүй қорын тиімді басқару мәселесі қоғам талқылауында.

Қоғамда әлі де тұрғынүй қорын тиімді басқару мәселесі белсенді талқыланып жатыр. «ОСИ» институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жетпеді. ОСИ-мен қатар, әлі күнге «КСК» жұмыс істеп тұр. Біз осы «ОСИ» реформасымен қатты қателестік. Басты міндет – адамдарды сапалы және әділ қызметпен қамтамасыз ету орындалып жатқан жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол бұл реформа жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі бірінші сатыны құруды көздегенін айтты.

Сондықтан бұл мәселені назарсыз қалдыруға болмайды. Жалпы, сындарлы инфрақұрылымдық саясат талап етіледі, - деді Президент.

Еске салсақ, бұған дейін Президент Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы