Президент Олаф Шольцке құттықтау жеделхатын жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жаңадан сайланған Федералдық Канцлері Олаф Шольцке жеделхат жолдады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың және жеке өзінің атынан Олаф Шольцті Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Канцлері қызметіне кірісумен шын жүректен құттықтады.

Бұл тарихи оқиға – халқыңыздың Сізге және Өзіңіз басқарып отырған коалицияға еліңіздің саяси-экономикалық өркендеуін жалғастыруға, сондай-ақ оның халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоспарларыңызға артқан сенімінің айқын дәлелі. Осы тұста Сіздің қажырлы еңбегіңіз Отаныңызды бүгінгіден де биік белестер мен жаңа табыстарға жетелей беруіне тілектестігімді білдіремін, – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы Германияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі деп санайтынын және екі ел арасындағы қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өткен.

Қазақ-герман және Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматтарындағы сан қырлы ықпалдастығымыздың мазмұнын одан әрі байыту мақсатында, Сізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенімді растаймын. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, өзара ыңғайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын, – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцтің игі бастамаларына сәттілік, отбасына баянды бақыт, ал достас герман халқына мол ырыс пен құт-береке тілеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы