23 Қазан 2026, 18:22 Фото: Ақорда

Президент NVIDIA компаниясының президенті Дженсен Хуангпен кездесті

Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірді.

– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды.

Мемлекет басшысы NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестікті қуаттайды. Оның айтуынша, халқымыз аталған компанияның отандық технологиялық жобаларға атсалысқанын құп көреді.