Президент наурыздағы Жолдауында қаңтар трагедиясына жауаптылардың есімін атай ма?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент наурызда болатын Жолдауында қаңтар қырғынына кінәлі топтардың бет пердесін ашса, бұл халықтың алғашқы сұрағына жауап болады. Бұл туралы саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов «Қазақпарат» алаңында өткен пікірталаста айтты.

Саясаттанушы қаңтар оқиғасы алғашында бейбіт шерумен басталғанымен арты нағыз қылмысқа ұласты деген ойын айтты.

Қазір ақ пен қараны ажырата білуіміз керек. Кешегі қаралы қаңтардағы оқиғаны қарап отырсақ, әрине, басы бейбіт шерумен басталды. Оған ешкім күмән келтірмейді. Бірақ, 10 қаңтарда Алматыда түсірілген алғашқы фото, видеоларды көргенде, яғни қаншама ғимараттың, үйлер мен көліктердің өртеніп, астан-кестен болып жатқанын көрдік. Оған қоса 200-ден астам бейбіт адамның өлімі  орын алғанының барлығы бұл жерде нақты қылмыс жасалғанын көрсетеді,-деді ол.

Оның айтуынша, қаңтар қырғыны кезінде бейбіт халық пен қатар қылмыстық топтар мен экстремистік топтар да болды. Сондықтан тергеу жұмыстарына куәгер ретінде адамдар көптеп тартылып жатыр.

Бұл қылмыскерлер кім? Мұнда да екі сұрақ бар. Ол жерде ұйымдасқан қылмыстық және экстремистік топтардың да өкілдері болды. Ол жерде лаңкестер де болды. Осының барлығы топтасып келгенде қазіргі тергеудің салдарына алып келеді. Ешкім ешқайда қашып, қылмыскерлердің ізін жасырып үлгермес үшін, қақтығыстар болған жердегі барлық куәгерлерді міндетті түрде тергеу жұмыстарына қосу керек болды. Екіншіден, бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі әр апта сайын брифинг жүргізді. Оның негізгі мақсаты – міне, 5 мың адам ұстасақ 4 мыңын жібердік, өйткені кінәсі жоғы дәлелденді дегенді білдіру болды. Бірақ кінәлілерді анықтау үшін тергеу жұмыстары тереңдей түсу керек,-дейді Майгелдинов.

Сонымен қатар ол наурызда болатын президент Жолдауынан не күтетінін айтты.

Наурыздың ортасында болатын  президент Жолдауынан күтетінім алғашқы нақты дәйектер.  Кім кінәлі дегенде мынандай топтар деп бет пердесін көрсетсе бұл халыққа алғашқы жауап болады. Бірақ тергеу жұмыстарында асығуға болмайды, өйткені біз әділеттікті көп іздеп, кінәсіз адамдардың да жапа шегуіне әкелуіміз мүмкін. Осы жағына мән беру қажет. Президент те кез келген адамды айыптамас бұрын оған қатысты айыпты толық дәлелдену керектігін айтып отыр. Әрбір адамның өмірі тұнып тұрған тағдыр, кінәсіз болса оның тағдырына балта шаба алмаймыз,-деді ол.  
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы