Тұңғыш президент күні қарсаңында тұрғын үй мен жатақхана берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 72 павлодарлық отбасы қоныс тойын тойлап, 200 студент жайлы жатақханаға көшті.
Жаңа үй "Сарыарқа" шағын ауданында бой көтерді. Аумағы 5 мың шаршы метрге жуық көп қабатты үй тоғыз айдың ішінде тұрғызылды. Жобаның құны – 657 миллион теңге. Жаңа үйдегі пәтерлер "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілді. Қоныс тойын атап өтушілердің арасында облыс орталығындағы №34 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Анна Назаренко де бар.
Маған қоңырау шалып, "7-20-25" бағдарламасы бойынша өтінішім мақұлданғанын айтқанда қуанышым қойныма сыймады. Кілт тапсыру рәсіміне қатысу үшін жұмыстан сұрандым. Қатты толқып тұрмын. Бұл мен үшін соңғы уақыттағы ең керемет жаңалық болды. Бұған дейін үнемі пәтер жалдап келген едім, енді өз үйім бар, - дейді ол.
Жаңа пәтерлердің кілттерін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыстады.
Мен сіздердің қуаныштарыңызға қарап, өзім де қатты толқып тұрмын. Жан жағымызда зәулім крандар бой көтеріп, құрылыс қызып тұр. Алдағы екі жылдың ішінде "Сарыарқа" шағын ауданы толықтай салынып бітеді. Мереке қарсаңында жаңа үйден пәтер алу бәріңізге де қуанышты жағдай болды деп ойлаймын. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! - деді аймақ басшысы.
Тұңғыш президент күні қарсаңында Павлодарда жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің жатақханасы да ашылды. Жайлы кешен 200 орынға лайықталып салынған. Барлық екі орындық бөлмелер жиһазбен жабдықталған. Бірінші қабатта демалыс бөлмесі мен 32 орындық буфет бар. Цокольдік қабатта тренажер және хореография залдары орналасқан. Кір жуатын бөлме мен медициналық орталық та бар.
Мен Павлодарға Алматыдан келдім. Жол жұмыскері мамандығында оқимын. Бұған дейін ескі жатақханада тұрып келдік. Кеше ғана жаңа жатақханаға көштік. Мұндағы бөлмелер кең әрі жайлы. Жуынатын бөлмелер, жақсы асхана бар. Студенттерге өте ұнайды, - дейді бірінші курс студенті Айдын Жұмабек.
Жатақхана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастама шеңберінде салынды. Жобаның құны 660 миллион теңгені құрайды.