Президентке аймақта коронавирус індетіне шалдыққан науқастардың 22 жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатқаны, төсек-орын қоры 2113 орынға жеткізіліп, тағы 5 мыңы резервте тұрғаны туралы баяндалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмек қорымен де қамтамасыз етілген.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бойынша есепте тұрған науқас адамдарға консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мамандандырылған онкологиялық емхананы аралап көрді.
Мемлекет басшысы облыста медицина инфрақұрылымы жақсы қарқынмен дамып, жаңа нысандар бой көтеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоспарлы түрде ем алатын азаматтарға, жүрек-қан тамырлары дертімен және қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері ковид кезеңіне дейінгі деңгейде болуы тиіс.
Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.