Майлыбаев мерзімінен бұрын босатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталған Б. Майлыбаев жазасының өтелмеген бөлігі бойынша мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініш білдірді. Сот өтінішті қарай отырып, оның заңмен белгіленген жазасын, мекеме әкімшілігінің оң мінездемесін, ішкі тәртіп ережелерін сақтауын, ескерту алмағанын, 9 бірдей көтермелеуге ие болғанын, өзін ұстаудың үшінші оң деңгейін, жұмысқа тұру мүмкіндігінің барын, іс бойынша басқа арыздың жоқтығын назарға алды. Өтініштен тас тартатындай негіз жоқ. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 соты 2020 жылдың 14 мамырында Б.Майлыбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол аяқталмаған 1 жыл 4 ай 21 тәуліктік мерзімінде пробациялық бақылауда болады, - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот Бағлан Майлыбаевты ішкі істер органдарына келіп есеп беріп тұруға, тұрғылықты жерінен кетпеуге және ауыстырмауға, жұмыстан тыс уақытта ішкі істер органдары рұқсат етпейтін орындарға бармауға, ҚР аумағынан тыс жерге бармауға міндеттеді.
Еске сала кетейік, 2017 жылғы 13 маусымда Астана қаласы №2 Есіл аудандық соты ҚР ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігі, 185-бабының 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстарды жасағанын мойындау туралы келісіммен сотқа келіп түскен Майлыбаев Бағлан Асаубайұлына және Галихин Николай Николаевичке қатысты қылмыстық істі қарап, сот үкімімен Б.Майлыбаев жоғарыда көрсетілген баптар бойынша кінәлі деп танылды және оған мүлкі тәркілене отырып, мемлекеттік органдарда лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.