Президент: Кемсіту – ұлттық тұрақсыздық пен жаһандық дағдарыстардың негізгі көзіне айналды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аса маңызды тақырыптардың бірі ретінде кемсітулердің барлық түрлерін қалай еңсеру қажет екендігі талқыланды. Себебі ол – ұлттық тұрақсыздық пен жаһандық дағдарыстардың негізгі көзі болып отыр. Сонымен бірге цифрлық және гендерлік мәселелерге, білім берудің маңыздылығына, діннің әлеуметтік теңсіздікті жоюдағы рөліне баса назар аударылды. Тағы бір түпкі мақсатымыз – экономикалық тұрғыдан өсу мен рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуға қол жеткізу жолдарын іздеу, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент съездің Декларациясына тоқталды.
Мен дін көшбасшылары рухани және технологиялық дамуды қатар әрі бір-бірін толықтыра отырып жүргізуді алға тарта алатынына және солай жасалу керектігіне сенімдімін. Дін көшбасшылары заманауи қоғамның қарама-қайшылықтарын еңсеруге өз үлестерін қосады деп санаймын. Съездің қорытынды құжаты қабылданды. Ол әрбір мемлекет, халықаралық ұйымдар мен саясаткерлер үшін негізгі басшылық құжат ретінде қызмет ете алады. Біздің міндетіміз – осы Декларацияның идеяларын ілгерілету. Съезді одан әрі дамыту тұжырымдамасын, яғни 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамалық құжатты дайындауымыз керек. Бұл құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін астанада екінші күн қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Қорытынды жасалған соң съезд салтанатты түрде жабылды.