28 Қазан 2026, 12:08 Фото: Ақорда

Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады

Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында озық технологияларға негізделген мемлекет құруға серпін берілді. Ендігі міндет – осы жұмысты жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономиканы дамыту.

Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс. Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы болашақ экономикасын қалыптастыру үшін ескірген тәсілдерден арылып, қоғам дамуының жаңа негізін құру қажеттігін атап өтті.

Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді. Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Оның ішінде облыс орталықтары, аудандар мен елді мекендерде жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын жөндеу жоспарланып отыр.

Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлеріне ел болып беретін ортақ жауаптың бірі – құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту.

Біздің жасанды интеллект дәуіріне беретін ортақ жауабымыз – құрылыс салу, тағы да құрылыс салу! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары салынады. Сонымен қатар барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруге тиіс.
Президент тұрғын үй құрылысын да маңызды міндеттердің бірі ретінде атады.

Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді, – деп айтты Мемлекет басшысы.