Президент қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беруді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысы  Ұлттық банк төрағасының биылғы 8 айдағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы жөнінде, сондай-ақ әлем экономикасының қайта қалпына келу барысында инфляциялық қатердің күшейе түскені туралы есебін тыңдады.

Президентке Үкіметпен бірлесіп бекітілген инфляцияға қарсы шаралар мен оны жүзеге асырудың негізгі бағыттары, сондай-ақ биылғы инфляцияның жаңартылған болжамдары туралы баяндалды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың табысы мен тұтыну деңгейінің артуына ықпал ететін Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің арта түскені жөнінде және Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру барысы туралы мәлімет берілді.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысына Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің биылғы 8 айда 93,7 миллиард долларға дейін ұлғайғаны және Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 2,3 миллиард долларға дейін өскені туралы алдын ала деректер ұсынылды. 

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендетуге және халықаралық нарықтардағы құбылмалылықтың арту жағдайында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беруді тапсырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы