Президент: Халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым, - деді Президент.
Ол барлық облысқа барған сапарында стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындап отырғанын айтты.
Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым. Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр, - деді ол.
Мемлекет басшысы Павлодар өңіріне ықыласы ерекше екенін айтты.
Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз. Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі, - деді Тоқаев.