Президент: Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек
Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы міндетті орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында бірқатар нақты шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл бағытта бүгінде ілкімді істер ілгерілеп, күрделі мәселе өңірлерде оң шешімін тауып келеді. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар және Ұлытау облыстары тұрғындарының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысындағы қала халқының 95 пайызының, ауыл тұрғындарының 94,1 пайызының таза ауыз суға қолы жетіп отыр. Ал Ұлытау өңіріндегі қалалықтардың 99,9 пайызы және ауылдық елді мекен тұрғындарының 93,5 пайызы сапалы сумен толыққанды қамтамасыз етілген.
Жүйелі жұмыстарды жалғастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте аталған өңірлердегі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға қажетті қаражат қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы Павлодар облысында жүзеге асырылатын 28 жобаға 12,2 млрд теңге қарастырылса, 6,7 млрд теңге Ұлытау облысындағы 2 жобаны жүзеге асыруға бөлінбек.
Мемлекет басшысы күні кеше Атырау облысына жасаған жұмыс сапары аясында аймақ тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Атырау аймағындағы ауылдар бір орталықтан берілетін су жүйесіне қосылмаған. Көптеген елді мекеннің тұрғындары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады. Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан, осындай ахуал қалыптасып отыр, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Осыған орай бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Президент тапсырмасын тұрақты бақылауға алып, орындау үшін кешенді іс-шаралар жоспарын даярлауда.