Президент Халық Кеңесінің төрағасына кандидатты ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөз сөйледі. Ол Конституциялық заңға сәйкес Кеңес төрағасы лауазымына кандидатураны Президент ұсынатынын атап өтті.
Бұл – конституциялық мәртебесі бар беделді қызмет. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ете алатын адам келуі керек деп санаймын. Осыны ескере отырып, Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мен Мәжіліс төрағасы ретіндегі жұмысын атап өтті.
Бұл адамды бәріңіз жақсы білесіздер. Ол – білікті әрі тәжірибелі маман. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек етіп, өз міндетін абыроймен атқарды. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға атсалысқан белсенді саясаткер болды. Енді Халық Кеңесінің төрағасы ретінде де табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатынына күмәнім жоқ, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің алдында көптеген міндет тұрғанын айтты. Президент бұл мәселелерге Кеңестің негізгі отырысында кеңірек тоқталатынын жеткізді.
Айта кетерлігі, Халық Кеңесінің төрағасы кандидатурасына дауыс беру үшін 10 минутқа үзіліс жарияланды.