Президент Халық Кеңесінің қашан жасақталатынын айтты
Қазақстанда қыркүйектің екінші жартысында жаңа жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі жасақталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің сөзінше, жаңа құрылым елдің этникалық, аймақтық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстырады.
«Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді», - деді Президент.