Президент футболды дамытудың жолын ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда футболды дамыту керегін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады, - дейді Президент.

Тоқаев салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек деп есептейді.

Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады, - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы