Президент ескі жүйе мен түрлі ықпалды күштерге қатысты қауесетке нүкте қойды – сенатор
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Президенттің “Егемен Қазақстан” басылымына берген сұхбатына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа жыл Мемлекет басшысының еліміздің мемлекеттік тілде бас газетіне бағдарламалық сұқбатымен басталды. Мақаланы “газеттің сиясы кеппей тұрып, асыға оқыған оқырманның бірі ретінде фейсбуктағы достарыммен ойымды бөлісуді жөн санадым. Бірден айтайын, мақалада көптің көкейіндегі көп мәселе қозғалып, нақты жауап-бағдарлар айтылған. Ел Президенті жұрт аузында жүрген әңгімелерге ашық пікірін білдіріп, бірқатар мәселе туралы мәймөңкелеусіз ойын айтқан. Қаңтар оқиғасы, қос билік және ескі жүйе мен түрлі ықпалды ескі күштер турасындағы көп қауесетке нүкте қояды, - дейді сенатор.
Жексенбайдың сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев көп сөзді қойып ел болып, бүгініміз бен ертеңімізге білек түре жұмыс істейтін уақыт екенін шегелеп айтқан. Ол үшін үздіксіз заңнамалық заңдар толықтырылып, жетілдіріліп жатыр.
Ұлу жылында Қазақстанның халықаралық деңгейдегі үлкен шараларға ұйытқы болуы да аса маңызды. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форум өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Мемлекет басшысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ, - деді. “Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз”, - екенін атап өтті ол.
Әлемдік деңгейдегі саясаттанушылар мен сарапшылар ХХІ ғасыр - "Азия ғасыры" дегенді жиі айтып жүр. Тіпті олардың айтуынша, Азияның болашағы әлемнің болашағына әсер етеді. Іргеміздегі Қытайдағы технологиялық-өндірістік үдеріс оған дәлел. Азия мен Еуропаны жалғаған біздер үшін де бұл зор мүмкіндік екенін Қ.Тоқаев баса айтып отыр. Бұл процестің бағытында Орталық Азияда біздің назарымызды қажет ететін мәселелер бар.
“Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды”. Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл еді. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар, - деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.
Биыл Қазақстан өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық етеді.
Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше, бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болып отыр. Дегенмен кез келген жүйелік дағдарыс қауіптердің кең ауқымын тудырумен қатар, өзімен бірге жаңа бірегей мүмкіндіктерді де алып жүреді.
Сондықтан бізге сол мүмкіндіктерді жіберіп алмау жолында күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеу маңызды. Мемлекет басшысының ауқымды сұқбаты биліктің барлық тармақтарына үлкен жауапкершілік пен жалпы қоғамға айтарлықтай ой салады. Ұлу жылы ұлы істер көп болып, Отанымыз өркендей берсін, - деп айтты сенатор.