Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон телефон арқылы сөйлесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.


Қазақстан Президенті Қырғызстан шекарасында қалыптасқан шиеленісті ахуалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай көрші мемлекеттер мен олардың азаматтарына қауіп төндіретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев  шекара сызығын белгілеу сияқты күрделі мәселелер өзара сенім мен достыққа негізделе отырып, конструктивті келіссөздер барысында шешілуі керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жағдайда өзара ұстамдылық танытып, күш қолдануға жол бермеу аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай қақтығыстарды болдырмау жөнінде тиімді келісімге қол жеткізу үшін Душанбеде жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы уағдаластықты қолдады.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа шекарадағы қақтығыстың тарихы мен қазіргі қалыптасқан жағдай туралы толық ақпарат берді.

Мемлекеттер басшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуалға қатысты пікір алмасу мақсатымен тұрақты байланыста болуға уағдаласты.

Екі елдің құзырлы ведомстволары жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізеді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы