Президент экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шараларды бекітті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" бұған дейін қабылданған Жарлыққа сәйкес бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы
"Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы президентiнің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының президентімен келісу бойынша:
1) салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемелерін белгілесін, салық базасын, салық салу объектілерін, салықтық кезеңді айқындау және салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілердің жекелеген санаттарын;
3) мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібін;
4) мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін айқындасын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, шекті тарифтерді және Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды әкелу мен әкету тәртібін айқындау құқығы берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.