Президент экономикалық реформалардың жаңа блогын айқындап берді - сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаттарына жолдауында адам капиталын дамытуға, саяси жүйені, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған реформалардың жаңа блогын айқындап берді. 

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Каримова айтты. 

Оныңғ айтуынша, адами капиталды дамыту саласында Президент халықтың әлеуметтік осал санаттарының өмір сүру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесінің пациенттерге бағытталған сипатын қамтамасыз етуге, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен әділдігіне кепілдік беру мақсатында оны одан әрі реформалауға баса назар аудара отырып, әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта қалпына келтірудің басымдығын атап өтті. Ал, Мәжілістің жаңа құрамы осы процестерге заңнамалық қолдау көрсетуі керек деп санайды.

Оған қоса мемлекеттік жастар саясатын дамытуға және еріктілер қызметіне ерекше назар аударылатын болады. 2019 жыл жастар жылы деп белгіленсе, 2020 жыл еріктілер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы жылдардың қорытындылары бойынша аталған салаларды реттейтін заңдарға бірқатар толықтырулар мен өзгертулерді әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туындады. Атап айтқанда, «жастарға арналған әлеуметтік қызметтер» ұғымы заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Бұл жастарға арналған әлеуметтік лифтілер жүйесінің еріктілер қызметімен байланысын қамтамасыз етеді,-дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол Жастар дамуының индексі жыл сайын жасалынып, жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуын бағалау жүйесіне біріктірілетінін жеткізді. Мұнда жастар саясатының негізгі субъектілері ретінде жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес жастар ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары мен азаматтық белсенділер қарастырылатын көрінеді.

Жастарға мейірімді мекен» жастар дамуының индексін еліміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы бірнеше жылдан бері пилоттық режимде есептеп келеді. Бастапқы кезеңде Индексті есептеу ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қолдауымен жүзеге асырылды. Кейінірек Индекс толықтырылды және қазірдің өзінде 35 индикатордан тұрады, бұл жастар өмірінің 7 саласында олардың дамуының сапалық және сандық көрсеткіштерін бағалауға, сондай-ақ облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары аясында жастар саясатын жүзеге асырудағы жетістіктерді бағалауға мүмкіндік берді,-дейді Ж. Каримова. 

Оның ойынша, партиялық сайлау тізімдерін қалыптастыру кезеңінде әйелдер мен жастарға арналған 30%-дық квотаны заңнамалық тұрғыдан енгізілгенге дейінгі 2019 жылғы есептеулердің нәтижелері бойынша саяси қатысу суб-индексінің жалпы индикаторы басқа көрсеткіштермен салыстырғанда ең төмен болды.

Саяси реформалардың блогында келесі сайлау циклінің мүлдем жаңа конфигурациясын қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірқатар маңызды жаңалықтар бар. Ең алдымен, саяси партиялардың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетіледі. Бұл жоғары заң шығарушы органның төменгі палатасының көп партиялы құрамын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бюллетеньде «барлығына қарсы» деген баған пайда болады. Бірқатар саяси сарапшылардың пікірінше, бұл нақты нұсқаның жоқтығы ішінара соңғы парламенттік сайлауда сайлаушылардың үштен бірінің келмегендігін түсіндіреді. Сонымен қатар, жаңа құрамдағы Мәжілістің бірінші сессиясы барысында ағымдағы жылы өтеді деп күтіліп отырған ауылдық округтер әкімдерін сайлаудан кейін аудан әкімдерін тікелей сайлау жүйесіне көшу туралы айтылды. Сайлау процестерін ұйымдастырудың бұл реттілігі тиімді масштабтау кезінде тиімді сайлау механизмін құру тұрғысынан маңызды,-дейді ол.  

Сонымен қатар, ол саяси реформалар блогында Мемлекет басшысының «онлайн петиция» тұжырымдамасын заңнамалық тұрғыда бекіту және Омбудсмен мәртебесі туралы жеке заң әзірлеу туралы бастамалары назар аударуға тұрарлық екенін айтты.

Мемлекеттік басқаруды реформалауды заңнамалық қамтамасыз ету саласында Мемлекет басшысы жаңа шақырылған Мәжілістің бірінші сессиясын ашу барысында мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға айналдыруды көздейтін жаңа жоспарлау жүйесін бекітуді, квазимемлекеттік сектордың рөлі мен функцияларын қайта қарауды, сот жүйесі және құқық қорғау жүйелерінің жұмысын қызметтік үлгіде қайта құруды,  ішкі процестер мен процедураларды цифрландыруды, судьялар корпусын жаңарту және азаматтарға құқық қорғау органдарының қызметі туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді көздейтін міндеттерін атап өтті,-деді сарапшы. 

Сөз арасында ол  Мәжілістің алдында өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылдау міндеті тұрғанын жеткізді. 

Заң ешқандай жағдайда қағаз жүзінде қалмай,  отандық бизнесті қолдаудың нақты шараларын, экономиканың төмен өнімді секторларынан жұмыс күшін барынша өнімі жоғары салаларға ағынын ынталандырудың тиімді тетіктерін қамтитын болады. Осылайша, жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясы кезінде Мемлекет басшысы жаңа сайланған депутаттар заңнамалық қолдауға жауапты болатын жаңа реформалар топтамасын жариялады,-деді Ж. Каримова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы