Президент екі жылда көптеген реформа жасады - саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы демократияландыруға көңіл бөлуде. Бұл туралы саясаттанушы Самат Нұртаза пікір білдіру кезінде айтты.

Оның айтуынша, Мұхтар Жәкішевтің түрмеден босауы Қазақстанның ТМД елдері арасында үлкен демократияға қадам басуын көрсеткен.

Екіншіден, көлік жүргізу куәлігін өзімен бірге алып жүруді алып тастады, тек төлқұжатың болса, жеткілікті. Бұл көлік жүргізетін қарапайым адамдар үшін ыңғайлы болды және барлығы осы заңға қуанды. Бұл да демократияның бір белгісі деп білемін, - дейді ол.

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басына келісімен халықты еститін мемлекет құрамыз деген бастама көтеріп, Ұлттық сенім кеңесін құрғанын атап өтті.

Ұлттық сенім кеңесіне әр саладан адамдарды жинап, өзекті мәселелер қаралды. Ол - Президент пен халық арасындағы көпір. Онда заңгер, блогер, кәсіпкер, жазушы, депутат та бар. Олар халықтың шынайы мәселелері мен мұң-мұқтажын жеткізіп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Мұндай нәрсе елімізде бұрын болмаған. Сондықтан осы екі жыл ішінде көптеген реформа жасалды, оны мойындауымыз керек, - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол Президент ұлттық құндылықтарға мән беріп, ұлықтап жатқанын айтты.

Тоқаев Президент болып сайланған соң Жошы хан басына зиярат етіп барып келді. Қазір осы Жошыхан атындағы институт ашылайын деп жатыр. Оның үстіне Қазақстан тарихына көп көңіл бөлінуде. Президенттің бұл бастамалары маған ұнайды, өйткені өз тарихын білмеген ұлттың болашағы жоқ деп есептеймін, - дейді С. Нұртаза.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы