Президент БҰҰ-ға Жерді көгалдандырудың халықаралық күнін бекітуді ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясына 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттің айтуынша, былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым тіркелді. Бұл климаттық өзгерістің жылдам әрі қауіпті үдеп келе жатқанын дәлелдейді.
Орталық Азияда ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл – миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Арал теңізі мәселесінде халықаралық ынтымақтастық арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Ел Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бұл жұмысты жалғастыра береді.
Алайда Тоқаев Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына ерекше назар аударды.
Бұл – тек бір өңірдің емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың алаңдауына тұрарлық мәселе. Біз Каспийдің су қорын сақтау үшін аймақтық серіктестерімізді және халықаралық ұйымдарды бірлескен, шұғыл іс-қимылға шақырамыз, - деді Президент.
2023 жылы Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді. Бұл бастама су тапшылығының алдын алу үшін үйлесімді саясат пен инвестициялық қолдаудың маңызын көрсетті.
Осы мақсатта келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Қазақстанда қолға алынған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы тазалық, қалдықтарды жинау және экологиялық сауаттылық бағытында миллиондаған еріктіні жұмылдырып отыр.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Барлық елдерді осы маңызды бастамаға қолдау көрсетуге шақырамын, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің баяндамасында БҰҰ Бас Ассамблеясына жаңа экологиялық күнді белгілеуді ұсынды.
22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы.