Президент бұл марапатты аванс ретінде беріп жатқан сияқты – Серік Ақылбай
Заңгерлер қауымдастығының төрағасы Серік Ақылбай алған марапаты мен Республика күніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Республика күніне орай Серік Ақылбай әнші Татьяна Бурмистрова және экономист Жақсыбек Құлекеевпен бірге үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын. Заңгер бұл марапаттың ол үшін тосын болғанын айтады.
Мұндай марапатқа ие болам деп ойлаған жоқпын. Жасап жатқан кішкентай ғана еңбегіміз бағаланып, «Барыс» орденімен марапатталғанымызға қуанамыз. Бір жағынан Президент бұл марапатты аванс ретінде беріп жатқан сияқты. Болашақта істейтін жұмысымыз көп. Мен өзім үшін солай санаймын. Әлі мұндай марапатқа кереметтей еңбек сіңірген жоқпын. Болашақта еңбек етемін деген оймен алып отырмын, - дейді ол.
Сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының төрағасы «бүкіл қазақстандықтарды қазіргі негізгі мерекеміз Республика күнімен құттықтап», тәуелсіздікке 30 емес, 32 жыл болғанын айтты.
Біздің тәуелсіздігіміз 1990 жылдың 25 қазанынан басталды. Тәуелсіздік жариялағанымызға 32 жыл болды. Ал біз оны екі жылға шегіндіріп, желтоқсанның 16-сына апардық. Заңгер ретінде айтар болсам, ол дұрыс емес. Соны қазір Президент орнына келтірді. Яғни заңға сүйенсек, декларациямызды жариялаған күн тәуелсіздік күні деп басталады, - деді ол.
Сонымен қатар, Серік Ақылбай Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта бекіту «Қазақстан Кеңес үкіметінен бәрінен кейін шықты деген әңгімеге» жасалған саясат екенін айтады.