Президент БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына онлайн форматта қатысты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру» атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр.
Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл Ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік даму жөнінде айта келе, қазір дүниежүзі бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды.
Соңғы бірнеше айда әлемде азық-түлік мәселесіне қатысты жағдай күрделеніп кетті. Егер азық-түлік жеткізу желісінің бұзылуы жалғаса берсе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Бүгінде әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің төрттен үші БРИКС елдері және осы Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік өнімнің жартысынан астамын құрайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бойынша инфляцияның қарқынды өсуі шешімін қажет ететін тағы бір өзекті міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаржы ахуалының нашарлауы қарызы көп мемлекеттерге, бизнес пен отбасылардың тұрмыстық жағдайына ауыр тиіп қана қоймай, жаһандық жеткізу желісінің бұзылуына әкеп соқтырады.
Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы «аралық нарық» ретінде пайдасын тигізе алады. Ұзақ мерзімді перспективада бізге ашық, әділ, өзара үйлесімді әрі орнықты жаһандық экономиканы сақтап қалу керек. Бұл ретте, өсім мен өзара байланыстылықтың жаңа дәуіріне жол ашатын БРИКС+ және «Бір – белдеу, бір – жол», сондай-ақ Үлкен Еуразиялық серіктестік бастамаларының мол әлеуеті бар екенін көріп отырмын, – деді Президент.
Президент Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің маңызды екеніне назар аударды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Саммитті келесі жылы шақыру арқылы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыруға күш салу жөніндегі белсенділігін құптаймын. Біз барлығын, әсіресе, әйелдерді, жастар мен балаларды, егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды ескерусіз қалдырмай, өз міндеттемелерімізді нақтылауымыз қажет. БРИКС+ елдері Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтықты қысқартуға және дамудағы теңсіздікті жоюға өз үлесін қоса алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыру аясында аймақтық ықпалдастықтың маңызды екеніне баса мән берді.
Біз Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты дамуын көздейтін БҰҰ Орталығын ашу жөніндегі идеяны ілгерілете береміз. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты аймақтағы ушығып келе жатқан қатермен күресуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, әрбір дағдарыстың қауіпті жағы да, мүмкіндігі де бар екенін атап өтті.
Бұл жерде біз адамдардың мүддесі бәрінен жоғары деген адамгершілік қағидатын басшылыққа алуға тиспіз. БРИКС плюс платформасы осы игі іске лайықты үлесін қосады деп сенемін. Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін жаһандық міндеттемелермен үйлестіруге толық әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.