Президент: Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді заңсыз қудалаудан қорғау, экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру және отандық өндірушілерге кедергі келтіретін әрекеттерді тоқтату қажеттігін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден шағымдар әлі де түсіп жатыр.
Сондықтан экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру үшін шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жағдай жасау керектігін атап өтті. Алайда кей жағдайда бұл талап сақталмай отыр.
Президенттің сөзінше, отандық өндірушілер, әсіресе азық-түлік кәсіпорындары түрлі қиындыққа тап болуда. Олардың нарыққа шығуына әдейі кедергі келтірілетін жағдайлар да бар.
Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әрекеттер отандық компаниялар мен тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін әлсірететінін айтты. Оның пікірінше, заңсыз кедергілерге қатаң тосқауыл қою – ұлттық экономиканы қорғаудың маңызды шарты.
Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, нығайту қажет екенін де атап өтті. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге болатынын айтты.