Президент Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көшкен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты. 


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі заңғар жазушының 80-жылдық мерейтойы шеңберінде пайдалануға берілді. 


Жалпы, бұл кешен "Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы" деп аталады. Онда Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінен бөлек, кітапхана мен облыстық музыкалық-драма театрдың ғимараты да салынады. Кешеннің құрылысы биылғы қаңтар айында басталған. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Оның жалпы аумағы 10,6 гектар жерді құрайды. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық музейдің жаңа ғимаратын аралап көрді. Естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңба қалдырды. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы