Президент бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
«Ақорда» резиденциясында төрт мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің, сондай-ақ Еуропа Одағы өкілдігі басшысының Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Мемлекет басшысына Франция елшісі Сильван Гиоге, Еуропа Одағының елшісі Алешка Симкич, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Канада елшісі Кристофер Дагган, Бразилия елшісі Марсель Фортуна Биато сенім грамоталарын тапсырды, - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілермен жүздесу барысында Қазақстан бейбіт дипломатия қағидатын ұстанатын ел екенін әрі халықаралық аренадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымымен жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейіл екенін растады, - деп хабарлады Ақордадан.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.