Президент: Берік шаңырақ – қоғамның мызғымас тірегі
Мемлекет басшысы «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ата-аналардың республикалық форумында қатысушыларға құттықтау сөз арнады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады, - делінген Президенттің құттықтау хатында.
Отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті. Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі.
Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер. Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын, - деді Мемлекет басшысы.