Төтенше жағдай: Президент берген тапсырмаларды орындауға әзірміз - кәсіпкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың #Birgemiz бастамасымен коронавирус індетімен күреске еліміздің қалталы азаматтары қаржы бөле бастағаны баршамызға белгілі.

Бүгінде Елбасының ұсынысымен құрылған қорға еліміздің ірі кәсіпкерлерінен қомақты қаражат та жиналды.

Бұл игі бастамадан Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз ісін дөңгелентіп отырған атымтай азаматтар да қалыс қалған жоқ. Солардың бірі танымал меценат – Оралбек Ботбай.

Бұған дейін де жағдайы нашар, тұрмысы төмен отбасылардан көмегін аямаған азамат, елімізде коронавирус індеті тарағалы бері де қолынан келгенін жасап келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі жағдайға байланысты төтенше жағдай жариялаған сәттен бастап қайрымдылық шараларын қолға алдық. Сол төтенше жағдай жарияланған 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының ішкі саясат басқармасына хабарласып, солар арқылы 25 отбасыға керек-жарақтарын, дәрі-дәрмек пен азық-түлігін жеткізіп бердік – дейді кәсіпкер.

Оралбек Ботбай коронавирусқа қарсы қаржы аударған түркістандық кәсіпкерлермен бірге арнайы қорға 1 млн теңге бөлді. Бұдан бөлек еліміздегі маска тапшылығының алдын алу мақсатында арнайы маска тіктіріп, оны тегін таратқан болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайдағы қиындықтарды бірлесе еңсеру мақсатында қолымыздан келген шараны жасап жатырмыз. Жақында медициналық маска тігіп, оны тегін тараттық. Маска тарату жұмыстарына еліміздің өнер жұлдыздары да атсалысты. Бұл бір бізге ғана емес, жалпы әлемге келген нәубет, бірлесіп, ынтымақтасып қана бұны жеңе аламыз – дейді Орлбек Ботбай.

Ол өз мүмкіндігі мен қолынан келген көмегін қатерлі індетпен күрестен аяп қалмайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы #Bizbirgemiz акциясын бастау арқылы еліміздегі тұрақтылық пен дамуға бірлесіп ықпал ете алатынымызды көрсетті. Биылғы жылы жариялаған еріктілер жылының ұраны да «Біз біргеміз!» деп аталады. Әлемді жайлаған коронавирус індетін де бірлікте, ынтымақта жеңіп шығатынымызға мен сенемін. Ол үшін президентіміздің тапсырмасын орындап, төтенше жағдайлар режимін қатаң сақтауымыз керек! Елімізге бұдан кейін мұндай қатердің төнбеуін тілеймін - дейді кәсіпкер.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы